Отырар ауданының ауылдарына газ тартылуда

700
Сурет ашық дереккөзден алынды

Бұл туралы Аptanews.kz Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жыл басында Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев ауылдардағы мамандарға жағдай жасау мақсатында аудан, қала әкімдеріне қызметтік тұрғын үйлер салуды жүктеген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Отырар ауданында 12 пәтерлік 2 қызметтік үйдің құрылысы жүргізілуде.

Шәуілдір ауылында бой көтеретін тұрғын үйдің жалпы құны 311,6 млн. теңге болып бекітілген. Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2019 жылға өтпелі. Биыл атқарылатын құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаржы қаралған.

Сондай-ақ, елдімекендерге табиғи газ тарту үшін жүргілізіп отырған құрылыс жұмыстары да отырарлықтардың көз қуанышына айналып отыр. Себебі, тарихта алғаш рет аудан тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Мамандардың сөзінше, Шәуілдір, Темір ауылдары биыл қатты отын жағудан құтылады. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 1 млрд. 558 млн теңге қаржы қаралған.

«Жалпы 2014-2016 жылдары 4 млрд. 181 млн. теңгеге ауданды табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Бүгінде 51,4 шақырым магистарлдық газ құбырын жүргізу және АГТС құрылысын салу жұмыстары аяқталған. Аудан көлеміндегі бір-біріне және Шәуілдірге жақын орналасқан 22 елдімекенге газ жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттен қаржы бөлінген. Егер жоба толығымен іске асса, аудан халқының 71 пайызы көгілдір отынмен қамтылатын болады», – дейді аудан әкімі Ерлан Айтаханов.