Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазба кітабы Түркістандағы мұражайға табысталды

202

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазба кітабы Түркістандағы мұражайға табысталды. Бұл туралы өңірдің мәдениет басқармасының баспасөз қызметі жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарманың баспасөз хатшысы Мадина Сабырдың айтуынша, құнды қолжазбаны киелі шаһардағы «Әзірет Сұлтан» мұражайына Қожа Ахмет Ясауидің 27-ші ұрпағы әкелген.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне Түркия Республикасы, Стамбул қаласынан ясауитанушы ғалым, «Yesevi ocaklari» журналының бас редакторы Исметулла Ясауи келді. Қорық-мұражайда өтетін Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шара барысында Исметулла Ясауи салтанатты түрде Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазба кітабын «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне тапсырды»,- дейді Мадина Сабыр.

Айта кетейік, Диуани хикмет, «Ақыл кітабы» — Қожа Ахмет Ясауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы болып табылады. Ақын өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғасырдың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» Қазан (1887-1901), Ыстанбұл (1901), Ташкент (1902-11) баспаларынан жарық көрген.