ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ 55 ЖЫЛДЫҒЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

313

Шардара ауданының 55 жылдығы мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салтанатты түрде аталып өтті.

Таңазанымен Шардара аспанын шаттыққа бөлеген Шардара ауданының 55 жылдық мерекесі аясында аудан тарихынан сыр шертетін кітап және сурет көрмесі, қолөнер бұйымдары көрмесі мен арзандатылған бағадағы азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып өткізілді. Барлық ауылдық округтерден арнайы көліктермен жеткізілген табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдері аудан тұрғындарына базар бағасынан 30-35 пайыз арзан бағада сатылды. Сонымен қатар, мерекелік шара барысында 1938 жылдан бастап қолданысқа енгізілген 30-ға тарта ретро автокөліктердің көрмесі ұйымдастырылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.

Ауданның кешегісі мен бүгіні жайлы сыр шерткен мерекелік шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты. «Бүгінде тек Қазақстан ғана емес әлемге танылған Шардара ауданының 55 жылдығы мерекесі баршаңызға құтты болсын! Сахара сайын даланың төсіне осындай қала тұрғызған сіздердің еңбектеріңіз орасан. Шардара бүгінде күн санап дамушы аудандардан дамыған аудандардың қатарына қосылып келеді. Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып дендеріңізге саулық, істеріңізге табыс тілеймін», — деген Мейіржан Мырзалиев аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын табыс етті.

Мерекелік құттықтаудан соң аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды «Шардара ауданының 55 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен марапаттап, сый-сияпат көрсетті. Салтанатты шарадан соң қазақ эстрадасы мен аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылды. Сахнада шағалалы аудан жайлы жазылған ақын-компазиторлардың әндері орындалып, ыстық лебіздері айтылды.