ШЫМКЕНТ: 90 ЖАСТАҒЫ АРДАГЕР ТІЛЕГІН ОРЫНДАҒАН ШЕНЕУНІККЕ АЛҒЫС БІЛДІРДІ

1364

Алдымен мына оқиғаны еске алып өткеніміз жөн болар: Бес жыл бұрын Шымкент қаласының тұрғыны, ҰОС тыл ардагері Базаркүл Садуақасова немересі баратын мектеп жолында автобус пен асфальт жоқтығын айтып, сол кездегі қалалық транспорт бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевқа өтініш айтады. Өз кезегінде бөлім басшысы үлкен кісінің сөзін екі етпей, мектеп пен үй аралығындағы жолды жалтыратып салып, бағдаршам орнатып, аялдама қояды. Аудан халқы риза боп, өтініштері орындалғанына қуанады.

Айтпағымыз, әлі күнге жақсылығын ұмыптаған қария кісі редакцияға хабарласып, жүрегі жомарт Қуатжанды тауып беруін өтінеді. Айтуынша, тыл ардагері, көпбалалы ананың мерекелік кештерде шақырусыз қалатыны жанына батады. Бірде аудан əкімдігіне барғанда өтінішін ескермеген көрінеді. Сол себепті, өзінің сөзін екі етпеген әлгі басшыны іздей бастайды. Ақкөңіл, баладай ақжарқын Апаның ойында кірбің де жоқ. Ол əкімдердің ауыс-түйісінен, транспорт бөлімінің басшысы басқа салаға ауысқанынан бейхабар еді.

Әрине, игі іске қай тұста да халықтың берер бағасы биік болмақ. Ертелі-кеш үмітін ақтаған жандарға Базаркүл апа əлі күнге алғысын жеткізуде. Ол кезде немересі бірінші сыныпта еді. Қазір бесінші сыныпта оқиды. «Менің сөзімді жерге қалдырмай, бар жағдайымды жасаған азаматтан айналдым» деп сұхбат береді. Айта кетерлігі, Қуатжан Жұматаев өзінің қызметтік жолында алты бірдей əкіммен қанаттаса еңбек етіп, ең күрделі деген бөлімді абыроймен басқарды. Еске сала кетейік, Жансейіт Түймебаев, Дархан Сатыбалды, Ғабидолла Əбдірахымов, Нұрлан Сауранбаев жəне Ерлан Айтаханов тұсында керемет еңбек жолынан өтті.

Бұл туралы қоғам белсендісі Жанна Төлендиева фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтып өтті. Белгілі болғандай, жергілікті аудан əкімдігінің өкілдері мерекелік іс-шараларда орын алған ағаттықтар үшін кешірім сұрап, ауруханада жатқан ҰОС тыл ардагері Базаркүл Садуақасованың хəлін білуге келді. Шымкент қаласы Қаратау ауданы əкімінің орынбасары Марат Тəжібаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында, бұдан былай ғасырға жуық жасаған әзиз ананы ешқандай мерекеден тыс қалдырмаймыз деп уəде берді.

«Алғыс алған арымас» дейді түгел сөзді түйіп айтқан дана халқымыз. Әлеуметтік желіде өзіне арнаған батасын естіген Қуатжан мырза 90 жастағы ардагер Базаркүл Садуақасоваға арнайы сый-сыяпат тарту етті. Өз тарапынан Базаркүл апаға ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІнен депозит ашқызып, шотына қомақты қаражат аударды.