ТҮРКІСТАН: «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ КӨШБАСШЫЛАРДЫ ІРІКТЕП ЖАТЫР

330

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне іріктеу өтіп жатқаны белгілі. Бұл пилоттық жобаның мақсаты — тұрғындар арасынан партия қызметін жандандыруға қабілетті белсенді, отаншыл, көшбасшы азаматтарды іріктеу және оларды саяси-қоғамдық, елдік жұмыстарға тарту.


Бірінші рет өткеніне қарамастан бұл жобаға қызығушылық өте жоғары болды. Жалпы партияның кадрлық іріктеу жұмыстарының нәтижесі бойынша аудан тұрғындары арасынан 100 үміткер тіркелді. Оның ішінде 60 ер, 40 әйел үміткер құжат тапсырған. Жас ерекшеліктеріне келсек, 35 жасқа дейін 21 адам, 35-50 жас аралығында 38 адам, 50 жастан жоғары 41 адам бақ сынауды жөн көріпті. Сондай-ақ үміткерлер арасында 7 көпбалалы ана да өзін ұсынған. Бұл — республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. 28 қазан мен 4 қараша аралығында 23 бастауыш партия ұйымында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, партиялық кадрлық резервіне қатысатын үміткерлер анықталған. Ал 7 қарашадан бастап үміткерлер арасында саяси дебат өтіп жатыр. Партияның Түркістан облыстық және Түлкібас аудандық филиалдары тарапынан дайындық жұмыстары талапқа сай атқарылғанын да айта кеткен жөн.


Үміткерлермен кездесуге және пікірсайыстардың бірқатарына «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев және партияның өзге де қызметкерлері, ұйымдастыру комитетінің мүшелері қатысып, үміткерлердің аяқалысын байқады. Қуанарлығы, үміткерлер бұл жобаның мақсаты мен тиімділігін жақсы түсінген. Әрқайсысы өңірді дамыту жөніндегі өз бағдарламаларын ұсынып, алдағы жұмыс жоспарларын жоғары деңгейде таныстыра білді. Алғашқы дебат Жабағылы сайлау округінде өтсе, одан кейін Ақбиік, Ломоносов, Пушкин, Түлкібас, Күмісбастау, Рысқұлов, Мичурин, Тастұмсық және өзге де сайлау округтерінде үміткерлердің ашық пікірсайыстары өткізілді. Пікірсайыс барысында қатысушылар бір-біріне өткір сұрақтар қойып, болашақ саясаткерге тән мінез көрсете алды. Нағыз көшбасшылар, партия қайраткерлері мен мемлекеттік қызметкерлер осындай сындардан өткен азаматтардың арасынан шығатыны анық. Ашық пікірсайыстар әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Назарбаев биыл 21 тамызда «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» партияны жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол бағдарламадағы тапсырмаға сәйкес Түлкібаста қолға алынған жоба 16 қарашада аяқталады. Сол күні аудандағы 15 арнайы орында үміткерлерге дауыс беріледі. Аудандағы «Nur Otan» партиясының 6 мың мүшесі үміткерлер арасынан ең үздіктерін таңдайды.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі