Шардара ауданында бірнеше елдімекенге газ тартылуда

272

Бұл туралы аудан әкімі Болатбек Қыстауов БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды Аptanews.kz ақпарат агенттігі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, өткен жылы облыстық бюджеттен 258,8 млн теңге қаржы бөлініп, №18 Шардара газ тарату стансасының құрылысы басталған. Нысан құрылысын 2018 жылы аяқтау көзделіп, бұл жұмыстарға 771,6 млн.теңге бөлінген. Алдағы уақытта осы жоба нәтижесінде Шардара қаласы мен оған іргелес 11 елдімекен, яғни, аудан тұрғындарының 55,7 пайызы табиғи газбен қамтылмақ.

«Өткен жылы шардаралықтар үшін табысты болды деп айтуға толықтай негіз бар. Әсіресе, газдандыру жұмысының басталғаны осы жылдың үлкен жемісі, әрі халықтың қуанышы болмақ. Биылғы жылы Шардара қаласының ішкі газ жүйесінің құрылысы басталып, бұл шаруа кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Сонымен қатар Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық елді мекендерінің ішкі газ жүйелері құрылысының ЖСҚ-сы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Биылғы жылы бұл жобаның да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде аудан тұрғындарының тағы да 40,6 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады»,-деді Болатбек Қыстауов.

Бұдан бөлек, әкім облыстық бюджет есебінен ауданда төрт қабатты 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетінін және тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бойынша Жаушықұм ауылдық округінде  ауыз су жүйелерінің құрылысы қолға алынғанын айтты. Дәл осындай бағытта Қызылқұм ауылының бас су торабының құрылысына ЖСҚ әзірлеу үшін, Ақ алтын ауылындағы ауыз су торабын іске қосу үшін аудандық бюджеттен қаржы қаралып отыр.