СОЗАҚТА ӘУЕСҚОЙ ФУТБОЛ ЛИГА ОЙЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

309

Елбасының халыққа арнаған Жолдауында, халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдану міндетін жүктеген болатын. Мемлекет ұстанған саясатты қолдау мақсатында Созақ ауданында кіші футболдан әуесқой футбол лигасының ойындары басталды.

Күз, көктем маусымы ойындарына аудан әкімдігі, ауыл округ, бөлім, мекеме қызметкерлерінен құралған 15 команда қатысуда. Сенбі, жексенбі күндері аудан орталығындағы мәдени спорттық сауықтыру кешенінде командар айына екі рет лиганың кезекті тур ойындарын өткізеді.

Аудандық дене шыныштыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы: «Созақта футболдың қалыптасқан дәстүрі бар. Бүгінде теріскейдің талай талантты ұлдары еліміздің кәсіпқой клубтарында доп теуіп жүр. Олар біздің мақтанышымыз. Елбасы салып берген сарабдал жолды жалғап, бұқаралық спортты дамыту мақсатында футболдан түрлі деңгейдегі жарыстарды жиі ұйымдастырып келеміз. Әуесқойлар лигасы сол дәстүр сабақтастығының жалғасы»,- дейді.

Жарысты ұйымдастырушы Бауыржан Бекзатов; «Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі басшылығы мекеме бөлім қызметкерлері арасында әуесқой футбол лигасын өткізу туралы ұсынысты қолдады. Салауатты өмір салтын ұстанып, футболды серік еткен азаматтар да ниеттерін білдіріп, алғашқы тур ойындарын өткіздік. Жарыс көптің көңілінен шықты. Барлық командаларда арнайы форма киіп, ойыншылар тізімін түзіп, жарыс көрігін қыздыруда»,- деп жарысты ұйымдастырудың басы қасында жүрген Әмір Атажанов, Марғұлан Саржанов, Дулат Байзақов, Ернар Білісбаевқа алғысын білдірді.
Алғашқы екі тур ойындарында командалар 14 ойын өткізді. 1 тур ойындарында 34 гол соғылып, 12 жасыл қағаз көрсетілсе, 2 тур ойындарында тәртіп бұзғандар 7 сары қағаз алды. 32 гол соғылды. Орта есеппен, бірінші тур ойындарында 4,8 гол соғылса, екінші тур ойындарында 4,5 голдан соғылды. Әуесқой лига ойындары айына екі рет сенбі, жексенбі күндері өткізіледі.

Жалпы, жарыс келер жылдың көктем айына дейін жалғасып, жеңімпаздармен жүлдегерлер арнайы сыйлық, медаль, кубоктармен марапатталады.

Е. РАЙЫМҚҰЛОВ