ШЫМКЕНТ: БЕЛГІЛІ ДІНТАНУШЫ ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫМЕН РУХАНИ ӘҢГІМЕ ӨРБІДІ

346

Бүгін Шымкентте қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасы және ҚМДБ қала бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстанның дамуындағы дәстүрлі исламның рөлі» тақырыбында алқалы жиын өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Елімізге белгілі дінтанушы, РһD докторы Қайрат Жолдыбайұлы, имамдар мен жастар қауымы қатысқан бұл басқосуды Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Жанар Әлібекқызы Бектаева ашып, жүргізді.

Алқалы жиында Қайрат Жолдыбайұлы имамдардың имиджі тұрғыда келелі әңгіме өрбітті. Белгілі дінтанушы қазіргі уақытта имамдардың өзін-өзі қалай жетілдіріп, уақытты дұрыс пайдалануы турасында құнды кеңестерін айтты.
— Имамның арқалаған жүгі ауыр. Имам деген сөздің мағынасы алғы шепте жүретін адам дегенге саяды. Бойында көшбасшылық тұнып тұруы керек. Сөйлеген сөзімен, жүріс-тұрысымен де үлгі болуы лазым. Әлем басқа бір бағытқа өзгеріп барады. Сол себепті қазіргі имамдар да өзгеруі керек. Үлгі болуға талпыныңыздар, кітап көп оқып, ізденіңіздер, – деді Шымкент қаласында мешіт имамдарымен кездескен Қайрат Жолдыбайұлы.
Сондай-ақ белгілі дінтанушы қоғамның кемелдікке жетуіне 4 жолды атап өтті. Олар:

— Тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Аз тамақтанған адамның ойы сергек, потенциалы жоғары болады.
— Екіншісі — аз сөз. Көп, мәнсіз сөз тыңдаушының уақытын алып қана қоймай, соңы өсекке ұласады.
— Үшіншісі — аз ұйықтау.
— Төртінші жолы — көп адамнан оңашалану қажеттігі.

Адамдардан оңашалану жөнінде сөз қозғаған дінтанушы әлеуметтік желі тәуелділігінен арылу мәселесіне ерекше тоқталды. «Ақпаратты саралап үйренгенде және басқалардың ойына тәуелділіктен арылғанда ғана біз дамуға, өркендеуге бет бұрамыз», — деп атап өтті Қайрат Жолдыбайұлы.

Басқосуда Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай Бейсенбаев имамдардың жауапкершілігі турасында сөз қозғады.
Таяуда ғана имамдардың ІІІ республикалық форумында «Жеті рухани қазық» — Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы» құжаты қабылданған еді. Бас имам осы құжаттың дер кезінде қабылданғанын да атап өтті. Өйткені, руханият көшінен қалмайық десек, дәл осы қағидаларды қатаң ұстануымыз керек. Жиын соңында барлық қатысушы имамдарға сертификат берілді.