СОЗАҚТЫҚ БАЛУАН ДӘУРЕН ОСПАНОВ ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

377

Шымкент қаласындағы орталық спорт кешенінде грепплингтің АIGO түрінен Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Аталған сында, ауданымыздың тумасы, Дәурен Оспанов тұғыр биігінен көрініп, жүлделі үшінші орынды иеленді.


Қазақстан Республикасының чемпионатында еліміздің барлық өңірлерінен спортшылар қатысты. Соңғы жылдыра қанатын кеңге жайып келе жатқан грепплинг спорты, көпшіліктің қызығушылығын тудыруда.

Бұл спорт түрімен айналысушылар саны жыл сайын көбейіп, байрақты бәсекелерде жиі ұйымдастырылып келеді. Өткен қыркүйек айында, елімізде тұңғыш рет грепплингтен әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Жыл сайын көрермендер саны көбейіп, танымалдығын артып келе жатқан грепплингте созақтың балуандар да биік нәтижелер көрсетіп жүр.

Жуырда ғана облыс чемпионатын еркін ұтқан Дәурен Оспанов, ҚР чемпионатында облыс намысын қорғауға жолдама жеңіп алған. Енді міне, аталған жарыста жүлдегер атанып отыр. Чемпионатта қостанайлық қарсыласын еркін ұтқан Дәурен Оспанов, келесі сында да тізгінді қолына алып, жеңімпаз болды. Жартылай финалдық сында Tobet_top_team кәсіпқой жекпе-жек академиясының балуанына есе жіберді. Үшінші орын үшін болған таласта, tobet_top_team кәсіпқой жекпе-жек академиясының тағы бір балуанын жеңіп тұғыр биігінен көрінді.

Айта кету керек, еркін күрсетен түрлі дәрежедегі жарыстарда жеңімпаз болып жүрген Дәурен Оспанов соңғы уақытта ғана грепплинг спортына бет бұрып, бүгінде облыс чемпионы, ҚР Кубогының жүлдегері болған. Енді міне, ҚР чемпионатының жүлдегері атанды.