ШЫМКЕНТТЕ 65 МЫҢ 536 ОТБАСЫ АТАУЛЫ ƏЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛДЫ

161

Шымкент қаласында биылғы тоғыз айда атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) бөлінген 22,3 млрд теңгенің 14,6 млрд теңгесі, яғни 65,5% игерілді. Ал АӘК алуға өтініш бергендердің саны биыл 6,9 есе артқан. Бұл көрсеткіш атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа моделін жасауға түрткі болды.

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық коммуникациялық орталығында қала әкімінің орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен брифинг өтті.
Брифингте мәлім болғанындай, атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырған мұқтаждар қатарында 7 596 отбасының табысын жасырғаны анықталған. Қазіргі уақытта 2 529 отбасыға тағайындалған 1 530 млн теңге көлеміндегі төлемдер толық тоқтатылды.

271 отбасыға хабарландыру таратылып, оның 3-і ғана өз еркімен 828,4 мың теңге бюджетке қаржысын қайтарды. Сондай-ақ, 5 116 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 4 255 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған сомма 1 037,4 млн теңгеге кемітілді.

Ең бастысы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда масылдыққа жол бермеуіміз қажет.

Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек, мемлекет жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналасуға көмектеседі. Кешенді шаралар 3 бағытты құрайды.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Е.Садыр, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы Ғ.Балтаев және қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Д.Беласаров БАҚ өкілдеріне кеңінен түсіндіріп өтті.

Айта кетсек, Шымкентте 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында 65 мың 536 отбасына атаулы əлеуметтік көмек тағайындалды, яғни, атаулы əлеуметтік көмекке қол жеткізген шымкенттіктер саны 324 877 адамға жетті.

Автор: Ақмарал Молдиярқызы

Фото: Б. Сейітжаппар