ШЫМКЕНТТЕ СПОРТПЕН ТҰРАҚТЫ ШҰҒЫЛДАНУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ АРТУДА (фото)

180

Шымкенттіктер саламатты өмір салтын қолдайды. Бүгін, қыркүйектің соңғы жексенбісінде «Shymkent Marathon 2019» бұқаралық жүгіру жарысы өтті, деп жазады «Шымкент келбеті».

Бұл жолғы сайыстың жөні бөлек. Дәстүрге айналған марафонға еліміздің барлық өңірінен, тіпті Ресей, Өзбекстаннан да үміткерлер келіп, бақ сынады. Жалпы, 3000-нан астам марафоншы түрлі қашықтық бойынша сайысты.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев та бұқаралық спортты насихаттап, марафоншылармен бірге жүгіргенін айта кеткен жөн.

Жалпы қатысушылар 5, 10, 21 және 42 шақырым бойынша сайысқа түсті.
Royal club спорт кешенінің алдынан басталған сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Наурыз» алаңында анықталды. Қала әкімі Ерлан Айтаханов және мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

— Шымкент қаласында дәстүрге айналған марафонның ауқымы кеңейіп келеді. Жастардың көптігі қуантады. Аға буын да атсалысып, үлгі көрсетуде. Келесі жылы қала тұрғындарының бұқаралық спортпен қамтылуы 30 пайызға жетпек, — деді қала әкімі.

Іс-шара барысында ойын-сауық және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Фото: Серик Косаев