ШЫМКЕНТТЕ ІРІ АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

46

Шымкент қаласында бірнеше ірі айналма жол салынады. Соның бірі – «Бекжан» базары маңынан орын тебетін Алматы-Ташкент бағытындағы Темірлан тас жолының жолайрығы. Қазіргі таңда онда 2-ші кезеңнің құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

Естеріңізде болса, мұнда 1-ші кезең бойынша, «Бекжан» базары маңындағы жолайрық құрылысы былтыр пайдалануға берілген болатын.

– Қазір тұрғындар арасында «Бекжан» базары маңындағы жолайрыққа қатысты түрлі сын-пікірлер айтылуда. Тұрғындар «айналма жол салынғанымен, бәз-баяғыша кептеліс болып жатыр» дегендей пікір айтуда. Түсіндіріп айта кетейін, мұнда қазір 1-ші кезеңнің ғана жұмыстары аяқталды. Оған сәйкес, уақытша бағдаршам орнатылды. Қазір 2-ші кезең бойынша құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Жол құрылысы 2020 жылдың екінші жартысында толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда. Ол жұмыстар аяқталған соң Темірлан жолындағы бағдаршамды алып тастаймыз. Сосын көліктердің қозғалысы тіпті жақсара түспек. Кептеліс болмайды, — деді басқарма басшысы Қуатжан Жұматаев.