ШЫМКЕНТ: МАНГЕЛДИН КӨШЕСІНДЕГІ ЖЕРҮСТІ ӨТКЕЛІ ЖЫЛ СОҢЫНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

136

Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелінің құрылысы биыл, яғни жыл соңына дейін аяқталады. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Аталған жерүсті өткелінің құрылыс жұмыстары 2016 жылы басталған болатын. Сол кезде құрылыс жобасымен және жұмыс барысымен танысқан əкімдіктегі жауапты мамандар тұрғындардың шағымына орай бірқатар өзгеріс енгізді. Оған сәйкес көпір жобасында поликарбонаттан жасалған шатыр, қимыл мүмкіндігі аз тұрғындарға арналған жеделсаты орнатылып, тірек бөліктері кеңейтілетін болды. Бұл өзгеріс болашақта көпірге эскалатор орнату үшін енгізілді.

Қазіргі таңда өткелдің құрылысы қызу жүргізілуде. Құрылыс нысанында жерасты коммуникациялары мен ирригациялық жүйе орнатылған. Бүгінде жолдың барлық бөліктеріне тіреулер орнатылып біткен. Қала әкімдігіндегі жауапты мамандардың мәлімдеуінше, өткел биыл жыл соңында ел игілігіне берілмек.

Сурет ашық дереккөзден алынды

– Мұнда да жұмыстар екі кезең бойынша жүргізілуде. Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысында жаяу жүргіншілердің қарасы қалың екеінін білесіздер. Соның салдарынан көлік кептелісі жиі болып жатады. Жаңа өткел тұрғындардың ары-бері өтуіне ыңғайлы болады. Алдымен баспалдақ арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріліп, сосын эскалатор іске қосылады. Қазір мердігіер компания жеделсатыға тапсырыс берді. Алда соңғы кезеңнің жұмыстары қалды, – дейді басқарма басшысы.