СЕНАТ ДЕПУТАТЫ АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА БАЛАЛАРДЫ ЗОРЛАУ ОҚИҒАЛАРЫНА ҚАТЫСТЫ ПІКІР БІЛДІРДІ

515

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова балаларды зорлау оқиғаларына қатысты пікір білдірді. «Бұл қылмыспен тиімді күресудің жалғыз жолы – заңды ерекше қатаңдату», дейді Сенат депутаты.

Фото: senate.parlam.kz

– Қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек. Негізі, бізде барлық заңнама бар. Сол заңнаманың орындалу мәселесі маңызды. Көп жағдайда екі жақтың адамдары, яғни шағымданушылар мен жәбірленушілер мәмілеге келіп, нәтижесінде қылмыстық жазасы мерзімі азайып кетеді. Қазақтың кешірімшіл мінезін алға тартып, ондай арсыз әрекетті ақтап, екі тараптың өзара келісуіне жол беруге болмайды. Сондай жайттар аз емес қазір. Аналар мен балаларға келгенде, ешқандай ондай дәстүр жүрмеу керек. Оған рұқсат бермеуіміз керек деп санаймын, — дейді Айгүл Қапбарова.

Рас, соңғы жылдары осы құлаққа түрпідей тиер, жүректі үрейге толтырар сөз елді есеңгіретіп-ақ тұр. Мемлекет адамдық қасиеттерден жұрдай болған «педофилдермен» күресу мен оларды жазалауды басты назарға алып, ауыр қылмыстың жазасын күшейтуді көздеуде. Бұл туралы қазіргі таңда ел Парламентінде талқылаулар жүргізіліп, көп зерттеу жасалуда.

Айта кетсек, ҚР Бас прокуратурасы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту туралы заң жобасын әзірледі. Жаңа заң жобасына еңгізілетін нормалар жайында бүгін ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтып берді.

«Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процессуалдық кодексті жетілдіре түсу мақсатында жаңа заң жобасы дайындалды. Бұл жобаға қасақана жасалған ауыр қылмыстар мен аса ауыр қылмыстың жекелеген түрлеріне қолданылатын жазаларды қатаңдату бойынша өзгертулер енгізілді. Жыныстық тиіспеушілікке қарсы, зорлау және сексуалдық сипаттағы күш көрсету қылмысы үшін жауапкершілік күшейтіледі. Тіпті ауырлататын мән-жайлар болмағанның өзінде мұндай қылмыстар ауыр қылмысқа жатқызылады. Балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстардың барлығына жаза қатаңдатылады. Қызметтік міндетін орындау барысында қылмыс жасау деген қосымшаға біліктілік сипаты енгізіледі. Яғни, оның жазасы қатаяды. Кәмелет жасына толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық үшін өмір бойына 20 жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады», — деді прокуратура өкілі.

Марат Ахметжановтың айтуынша, елімізде педофилдік қылмысты жасырған ата-ана 6 жылға сотталуы мүмкін.

«Қазіргі заңда сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен террористік акт дайындалып жатқанын немесе жасалғанын жасырып қалғаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Енді кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыстардың дәлелін жасыру немесе қолдан жасау әрекеттері де жауапкершілік арқалайтын болады. Педофилияның ауыр фактілері туралы хабарламағандар да жазаға тартылады. Бұл ауыр қылмысқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Яғни, ол жауапкершілік балаларға сексуалдық зорлық жасау фактілерін жасырып қалған мамандандырылған балалар мекемесінің қызметкерлері мен басшылығына артылады. Дәл осындай жауапкершілік баланың асыраушысы мен ата-анасына да жүктеледі», — деді Марат Ахметжанов.