ШЫМКЕНТТЕ «ҚЫЛМЫССЫЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

47

Үшінші мегаполистегі білім беру мекемелерінде кәмелетке толмағандар арасында жасалатын қылмыстың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында бір айлық акция ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева қала прокурорлары және тәрбие ісіне жауапты сала мамандарының басын қосқан алқалы жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі «Шымкент келбетіне» сілтеме жасап.

— Бұл бір айлық акция 12 қыркүйектен бастау алып 14 қазан күніне дейін жалғасады. Мұнда құқықтық сауаттылықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар,
тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары біздің басты назарымызда. Жуырда орын алған оқушылардың қылмысы кезінде құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс атқарып, жедел шешуге тырыстық. Бірақ бұл оқиға сабақ уақытысынан тыс болды. Ата-аналарға перзенттеріңізді қадағалауға алсаңыздар деген өтінішім бар. Қазір жағдай тұрақты. Барлық мектептерде инспекторлар кезекшілік ұйымдастырып, бөгде адамдардың келмеуін назарда ұстап отыр, — деді Айгүл Қалыбайқызы.

Айта кетейік, 9 қыркүйекте қаладағы Н. Оңдасынов атындағы #38 мектеп-гимназиясы мен Ы. Алтынсарин атындағы #65 мектеп-гимназияның оқушылары арасында түсінбеушілік орын алып, арты топтық төбелеске ұласады. Аталған қылмыстық іс бойынша Еңбекші аудандық полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізуде. Ал бұзақылар бір тәулік уақытша қамау изоляторында отырып, үй қамағына босатылған.