«АНА ТІЛІҢ – АСЫЛЫҢ, ОНЫ БІЛМЕГЕН – МАСЫЛЫҢ»

240

Бүгін Шымкентте Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» қалалық форумы өтті, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының ғалымдары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Форумда құттықтау сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов мемлекеттік тілдің рөліне тоқталып өтті.

«Жазушы Мұхтар Шаханов ағамыз «Тіл — әр ұлттың ең ұлы анасы» — деп бекер айтқан жоқ. Егемендігімізді алғалы бері Қазақстанда жүзден астам әр түрлі ұлттың азаматтары өмір сүруде. Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізінде барлығы да өзінің тілін дамытуға, сақтап қалуға, салт-дәстүрін нығайтуға жағдай жасалған. Бүгінгі мемлекеттік тіліміз — ол қазақ тілі. Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру жөнінде біршама мәселелер айтып кетті. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тілге айналуы керектігін де сөз етті. Сондықтан біз шымкенттіктер бірлесе осы бағытта үлкен жұмыс істеуіміз керек. Осы мерекені тек қана бір күнде насихаттап, ұлықтап қоймай, тыныс- тіршілігімізде, тұрмысымызда өз әрекетімізбен, өз іс-қимылымызбен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет», — деді қала әкімі.


Форум аясында мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген қаламыздағы тіл жанашырлары марапатталды. Сонымен қатар, жиналғандар Абай шығармаларының композициясын тамашаласа, Қобыланды батыр жырынан үзінді тыңдады.
Шымкент қаласындағы стратегиялық мақсаттардың бірі – қазақ тілін латын графикасына өткізу бойынша ауқымды жұмысты өңірдегі лингвист-ғалымдармен және тіл жанашырларымен бірге кешенді әрі нәтижелі іске асыру. Бұл орайда, 2019-2020 жылдар аралығында мемлекеттік органдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың 20 мыңға жуық қызметкерлері үшін кезең-кезеңмен ақысыз латын әліпбиі курсы ұйымдастырылды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында тілдер мерекесі аясында 4-11 қыркүйек аралығында қала көлемінде апталық өткізіледі.

Әрине, мемлекеттік тіліміздің қоғамдық өмірдің әр саласында кеңінен қолданылуы – ұлтты біріктіруге жетелейтін фактор екені баршамызға мәлім. Бұл жөнінде Елбасы 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген болатын. Түсінгенге бұл мемлекеттік тілдің баянды болашағына деген сенімді нықтай түскен әрі бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілдің миссиясын айқындап берген сөз. Мұны осы бағыттағы жұмыстарға жасалған жаңа серпін деуге де келеді.

Сөз сәйгүлігі Қадыр Мырза Әли кезінде «Ана тілің — асылың, оны білмеген — масылың» деген екен. Қазақстан – ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Демек, мемлекетіміздің Ата заңын сыйлайтын әрбір азамат ұлтына, тегіне қарамай, қазақша үйренуге міндетті. Осы ұстаным біздің темірқазығымыз болуы тиіс.