ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖОЛДАУ МІНДЕТІН ОРЫНДАУҒА ӘЗІР

88

Шымкент қаласының ақпараттық-насихаттық тобы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру жұмыстарын Әл-Фараби ауданында жалғастырды. Аудан тұрғындарымен өткен жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай төрағалық етті, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі «Шымкент келбетіне» сілтеме жасап.

«Халықтың құқықтық сауаты артқан сайын олар өзіне қажеттінің бәрін иемдене алады» деді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде.

Жолдаудың 5 бағытын айқындап, елді бір мақсатта жұмыс істеуге шақырған жиында М.Әуезов атындағы ОҚМУ Тәрбие және жастар саясаты департаментінің директоры С.Мәжінбеков сөз алды.

– Еуропаға еліктейміз. Ал Еуропада әр 100 адамның 84-і кітап оқиды. Алдыңғы қатарлы Ұлыбритания, Франция елдерінде 100-дің 98-і кітап тұрақты түрде оқуды әдетке айналдырған. Ал біздің Қазақстандағы деректерге сүйенсек, 100 адамның 12-14-і ғана кітап оқиды екен. Сол сияқты, Еуропада әрбір 100 жастың 80-82-сі алған кәсіби білімін өз кәсібін ашуға, оны дамытуға жұмсайды. Бұл көрсеткіш біздің жастардың арасында 100-ден 16-ны ғана құрап отыр. Қазір жастар мемлекет қолдауымен шағын бизнесті де аша алады, «дипломмен ауылға» да бара алады, – деді Сәкен Аралбайұлы.

Өз кезегінде Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев та құнды деректермен бөлісті.

– Шымкент қаласының 66 мыңнан астам тұрғыны микро және шағын бизнеспен айналысады. Олар өз кәсібін дөңгелетуден бөлек, тағы 165 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Осы азаматтар Президент Жолдауын оқыса, «Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек» дегенді біліп жүреді. Сонымен қатар, 2020 жылдың қаңтарынан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімі күшіне енеді, – деді мәслихат хатшысы.

Президент Жолдауындағы қоғамдық келісімді нығайту, білім сапасын жақсарту және азаматтық қоғамның рөлін күшейту туралы Ө. Жолдасбеков атындағы №9 мектеп директоры Анар Аманқұлова тарқатты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омаров тапсырмалардың жүйелі атқарылатынына сенім білдіріп, жиналған қауымға сәттілік тілеп, бата берді.

Ақсақалдың батасынан әсерленген қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай ізгі тәрбие мен дұрыс идеология дәл осы бата алудан басталатынын айтты.

– 2015 жылы осы қалаға келгенде ең әуелі ардагерлермен жүздесудің сәті түсіп, ақсақалдардан бата алғаным есімде. Қазақта «Жауынмен жер көгерер, батамен ел көгерер» деген аталы сөз бар. Біз осы даналықтан алыстамауымыз керек. Кітап оқу, тіл үйрену, әлемдік тәжірибелерді саралай отырып, жаңашыл болуға дағдылану керек. Жолдауды тек мемлекеттік қызметтегілер емес, әрбір азамат оқыса, Президент тапсырмасынан хабардар болады. Сол арқылы олар өз құқықтарын талап ете алады. Жақында Шымкент қаласының активі бас қосып, әкім Ерлан Қуанышұлы орынбасарларына нақты тапсырмалар берді, – деді Қ.Нұртай.

Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов ақпараттық-насихаттық топқа алғыс айтып, Мемлекет басшысының және қала әкімінің тапсырмаларын тиянақты орындайтынын жеткізді.