ТҮРКІСТАНДАҒЫ КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫНАН II-III ҒАСЫРҒА ТӘН АЛТЫН ӘШЕКЕЙЛЕР ТАБЫЛДЫ

204

Түркістандағы Күлтөбе қалашығынан II-III ғасырға тән алтын әшекейлер табылды. Зергерлік бұйымдар ескі қалашықта жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде анықталды.

Қожа Ахмет Ясауи қорық-музейі баспасөз қызметінің мәліметінше, табылған қазынаның ішінде сырғалар мен зергерлік бұйымдардың бірнеше алтын бөлшектері, түрлі моншақтар бар.

Ал Күлтөбедегі Хумдан пештің ішіндегі құланды қыштар арасынан араб баспасынан шыққан көлемі 10х20 см кітап табылған. Кітаптың сақталған қалыңдығы — 1,2 см. Археологтардың айтуынша, кітаптың мұқабасы көк түсті көнмен қапталған. Бірақ сақталуы нашар, парақтары бір-біріне жабысып қалған. Тіпті, ашып қарауға келмейді. Жазуы оқылуға келетін бірінші бетінен «Біз мұндайлардан емеспіз» деген сөйлемнің жобасы анықталған.

Айта кетсек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі Қабірхана, Үлкен Ақсарай және Құдықхана бөлмелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан Бегім ана кесенелерінің күмбездері де жаңартылуда.

Құрылыс жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» РМК-нің Алматы, Қызылорда, Түркістан филиалдары жүргізуде. Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи орындарды анықтау, қайта қалпына келтіру мақсатында жобасы дайындалғаны белгілі. Осы орайда қаладағы басты 18 тарихи-мәдени мұра нысанын реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланды. Ең алдымен алдағы 3 жыл ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің басты компоненттері — Қазандық, Қабірхана, Басты портал жаңғыртылады.