ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ШАҺАРДАҒЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

220

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов «Нұрсәт» шағынауданындағы қалалық перинаталдық орталық пен көпсалалы №2 қалалық ауруханасының және қалалық перзентхананың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Медицина нысандарын аралап көрген қала басшысы өзекті мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.

Ерлан Қуанышұлы №2 қалалық аурухана мен қалалық перзентханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді және жөндеу жұмыстарын ең алдымен перзентхана бөлімінен бастау қажеттігін қадап айтты. Ал, медицина мамандарына емделушілерге сауатты қызмет көрсетуді, ана мен бала денсаулығына айрықша көңіл аударып, жіті бақылауда ұстауды міндеттеді. Сонымен қатар, денсаулық саласына еңбегі сіңген, өмірлік тәжірибесі мол білікті ардагер дәрігерлермен кеңесіп отыру үшін, ардагер-дәрігерлердің кеңесін құруды тапсырды.

Ауруханалардың жұмысымен танысу барысында әкім медициналық жабдықтардың қолжетімділігі мен жағдайына, пациенттердің денсаулығына, оларды емдеу шарттары мен қажетті дәрі-дәрмектердің болуына назар аударды.