БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ

226

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесіп, этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Кездесу барысында қала әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді, тұрақтылықты сақтау, қоғамның бірлігін нығайту бағытындағы тапсырмаларды орындаудың маңыздылығын атап өтті.

— Еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор. Тұрақтылық болған жерде береке орнап, алға қойған мақсатарымызға жете аламыз. Күні кеше Мемлекет басшысының Жолдауында Қоғамдық келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі екендігі айтылды. Сондай-ақ, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасыру үшін нақты міндеттер қойылып отыр. Алдымызда Елбасы мен Президенттің тапсырмаларын нәтижелі іске асыру міндеті түр, – деді қала әкімі Ерлан Айтаханов.

Жиында Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың баяндамасы, ассамблея мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Ерлан Айтаханов тұрғындармен ашық диалог орнату арқылы мемлекеттік маңызды бастамаларды түсіндіру, келер жылы қаламыздың ТМД елдерінің астанасы атануына орай жұмысты ширату, жастар тәрбиесі, еріктілер жылына орай этнос жастарымен жұмысты жандандыру, медиация желісі аясында «Татуласу алаңдарын» құру жөнінде ассамблея хатшылығы мен бірқатар басқармаларға нақты тапсырмалар берді.

Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 16 этномәдени бірлестік елдің берекелі бірлігін бекемдеп, ырысты ынтымағын арттыру бағытында табысты жұмыс істеп келеді.

Қалалық ассамблея жанында 8 қоғамдық құрылым бар. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, қала аумағындағы 38 колледж жанынан «Достық» клубтары ашылған.
Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңестері Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік саясаты шеңберінде 105 кездесу өткізді. Онда қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағытында қабылданған 35 ұсынымның 21-і орындалды. Ал, Аналар кеңестерімен барлығы 76 іс-шара өткізіліп, отбасы институтын дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, өскелең ұрпақ тәрбиесін жолға қою сынды мәселелер қаралды.

Қалалық ҚХА жанындағы медиация кабинетінің ықпалымен барлығы 146 дауға нүкте қойылып, ортақ келісім жасалды. Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіліктің алдын алу мақсатында «Мектеп медиациясы» жобасы қолға алынды. Медиация желісін ілгерілету бағытында 12 оқыту семинар-тренингі ұйымдастырылып, ай сайын ашық есік күндері өткізілуде.

Ассамблея бүгінде қала аумағында «Қазақтану», «Қазақша сөйлеймін», «Халықтық бренд», «Мектеп медиациясы», «Жақсылық жаса» жобаларын сәтті жүзеге асырып келеді. Шымкентте жыл басында бастау алған Ұлы Дала дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шаралары ай сайын ұйымдастырылып, аз қамтылған азаматтараға бүгінге дейін 7 млн. теңгенің көмегі көрсетілді.

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырмасымен Шымкент қалалық және Түркістан облыстық ассамблеяларының бірлескен штабы құрылып, арыстықтарға жалпы құны 100 млн. теңгеден астам көмек берді.

Сондай-ақ, қалалық ассамблея Шымкенттің экономикасын көтеру, инвестиция тарту сынды істерге этномәдени бірлестіктерді жұмылдырып, мемлекеттік саясаттың міндеттерін сапалы орындауға басымдық беруде.