ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ САПАЛЫ ЖӘНЕ УАҚЫТЫЛЫ ОРЫНДАЛУЫН ТАПСЫРДЫ

142

Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы ірі құрылыс нысандарды аралап, жұмыстардың баяу жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала басшысы құрылысқа жауапты мамандардың жұмысты ұйымдастыра алмайтынын сынға алып, ең алдымен сапаға мән беруді тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс қарқынын арттырып, мердігерлердің жұмысын ерекше бақылауға алу керектігін де қадап айтты.

Е.Айтаханов ең алдымен халықаралық әуежайдың жаңа терминалының құрылыс жұмыстарымен танысты. Сағатына 400 адам қабылдай алатын терминал іске қосылған кезде, жолаушылар ағыны 10 есеге дейін ұлғаяды деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы Қызылжар шағынауданындағы А-2 автожолының және А-2 Бадам көпірі мен Д.Қонаев даңғылы құрылыстарының жұмысын көрді. Мұнан кейін әкімге «Қошқар ата» өзені жағалауын абаттандыру, ескі қалашықтағы «Цитадель» жобасы мен Shymkent-City тұрғын алабындағы «Конгресс-Центр» жобасы таныстырылды.

Қала әкімі Шымкенттің заманауи жаңа келбетін қалыптастыру үшін қолда бар күштің бәрін біріктіріп, тиімді жұмсау керектігін айтты.

«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мегаполисті дамыту бойынша қойған стартегиялық міндеттерін тиісті дейгейде орындауымыз қажет. Осы бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыс жоспарын тиімді орындауды қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылы Шымкентте ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын өткіземіз. Сондықтан, қазір әрбір саланың басшылары жұмысын ширатуы керек», — деді Е.Айтаханов.

Бұдан бөлек Е.Айтаханов құрылысы жүріп жатқан «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы станциясына барды. Аталған нысан қала шетіндегі шағынаудандарды электр жарығымен қамтамасыз етеді. Қала әкімі жобаны уақтылы аяқтауды тапсырды.
«Бозарық 220/110/10 кВ» станциясы биыл қараша айында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 250 мың адам тұратын 10 жаңа тұрғын үй алабы үздіксіз электр қуатымен жабдықталады.

Аралау қорытындысы бойынша қала басшысы тиісті салалық жетекшілерге жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен уақтылы аяқталуына баса назар аударып, бақылауды күшейтуді жүктеді.