ШЫМКЕНТ: КӨКБҰЛАҚ ПЕН ИГІЛІК ШАҒЫНАУДАНДАРЫНА ЖАҢА АВТОБУСТАР ЖҮРУДЕ

175

Қала әкімі Е.Айтахановтың тапсырмасына сәйкес, Көкбұлақ, Игілік шағынауданы тұрғындарының өтініштерін ескере отырып N180 автобус бағыты ашылды. Жаңа бағыт аталған шағынаудандарды қаланың орталығымен жалғауда.

Айта кетсек, қала әкімі Ерлан Айтаханов алғашқы жұмыс сапарын қаланың шет жағында орналасқан шағынаудандардың тұрғындарымен кездесуден бастаған болатын. Атап айтқанда, шаһар басшысы Абай ауданындағы Жаңаталап, Игілік тұрғын алабтарының инфрақұрылым жүйелерімен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысқан-ды. Елдімекендердің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық көлік, ауыз су, газбен және сапалы электр жарығымен қамту сынды мәселелерін тыңдады. Сол кездесуде Көкбұлақ, Игілік шағынауданының тұрғындары қоғамдық көлік мәселесін тезірек шешіп беруді сұраған болатын. Енді міне, қала әкімі сол уәдесінде тұрды, аталған шағынаудандарға N180 бағытта жаңа автобустар жүруде. Шағынаудан тұрғындары бұл мәселені жедел шешкені үшін қала әкімі Ерлан Қуанышұлына өз алғыстарын жеткізуде.

Жалпы биыл жоспарланған 300 автобустың 280-ы қалаға келді. Қалғаны таяу уақытта толық жеткізіледі. Қазір қалада әлеуметтік маңызды 10 бағытқа жаңа қоғамдық көліктер жүре бастады. Одан бөлек, 138, 158, 45, 96, 16, 10 және 113 бағыттар бойынша да жаңа автобустар жолаушылар тасымалдауда. Автобустар салқындатқыштармен, пандустармен, бейнекамералармен, жолаушылар ағынының датчиктерімен, GPS-трекерлермен жабдықталған. Жолаушылардың жалпы сыйымдылығы – 56 адам. Сондай-ақ, қалада қоғамдық көлік саласына да цифрландыру жүйелері енгізілуде. Мәселен, жолаушылар 2 ГИС қосымшасы арқылы автобустардың қозғалысын онлайн режимде көре алады. Алда электронды билет жүйесін енгізу, цифрландыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге аспақ.

Еске сала кетсек, Шымкентте 28 көлік компаниясы 83 бағытта, 1208 кестемен жолаушыларға қызмет көрсетеді.