АРЫС: ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК ШЫМКЕНТ СЕКТОРЫНЫҢ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

131

Бүгін Арыс қаласына жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысуға  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек келді, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Шымкент қаласына бекітілген №10 секторда жүргізіліп жатқан жөндеу және құрылыс жұмыстары бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндама жасады.

   

– Залалды бағалау және жою үшін Шымкент қаласы әкімдігінің және 13 мердігерлік ұйымның 553 маманы жұмылдырылып, 3 кезекте тәулік бойы жұмыс істеуде. Сараптама нәтижесінде анықталған сектордағы 652 тұрғын үйдің 604-інде жөндеу жұмыстары жүруде, 32 үйдің апатты болуы және толық өртенуі себебінен орындарына жаңа үйлер салынады. Қазіргі уақытта 161 үйде жөндеу жұмыстары аяқталған. 1 тамызға дейін барлық үйлердің шатырлары мен терезелері қалпына келтіріледі. Ал 15 тамызға дейін ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын аяқтаймыз, — деді қала әкімі.

Ғ.Әбдірахымовтың баяндауынша, Шымкентке тиесілі секторда екі айдың ішінде жөндеуге келмейтін үйлердің орнына салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысы толығымен аяқталады. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың, әр үйдің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапалы болуы қала әкімінің қатаң назарында болады.

Жұмыс сапары барысында Арыс қаласының тұрғындары құрылыс нысанындағы жұмыстар сапалы орындалып жатқанын айтып, алғыстарын білдірді.