ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН БАСҚАРМАСЫ БРИФИНГ БЕРДІ

61

Бірнеше жылдан бері жалақы қарыздарын өтемей келген 4 кәсіпорын 23 жұмысшыға 16,7 млн теңге көлеміндегі жалақыны толығымен өтеді. Бұл туралы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас инспектордың айтуынша, Еңбек шартының заңсыз бұзылуы анықталып, 3 азамат өз лауазымына қайта орналасқан. 2019 жылдың 6 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары Шымкент қаласында 152 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 131 заң бұзушылық анықталған.

– Кез келген азамат жұмысқа орналаспас бұрын сол мекемемен еңбек келісімшартын жасап алуы тиіс. Келісімшарт жасамаған жағдайда жұмысшы ақылы еңбек демалысына шыға алмауы немесе басқа да тиісті төлемдерден қағылуы, тіпті еңбекақысын ала алмай қалуы мүмкін. Кейде ұжымда 2-3 ай жұмыс істегенін дәлелдей алмайтын жағдайлар болады. Түрлі бөлімдерде жұмыс істейтін әріптестері «танымаймыз» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда еңбек келісімшарты ғана көмектеседі, – деді Бауыржан Ахметәліұлы.

Басқарма басшысы брифингте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, шетелден жұмыс күшін тарту, этникалық қазақтардың көшіп келуі және басқа да мәселелерді баяндап, БАҚ өкілдерінің өзекті сауалдарына жауап берді.