ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖОЛДА ҚАБЫЛДАУ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

45

Үшінші мегаполистің полицейлері кезекті республикалық акцияны қорытындылады. «Жолда қабылдау» акциясы 19-20 шілде күндері таңғы сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жалғасты, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акция аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын сақтау, автокөліктерді тіркеу, көлік құралдарын қайта жабдықтау, жол жүрісін ұйымдастыру, сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу мәселелері қаралды.

Қабылдауда Әкімшілік полиция, жол-техникалық инспекция, жергілікті полиция, көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері мен басшылары болды. Іс-шараға жалпы саны 1611 тұрғын қатысып, 1324-не құқықтық тұрғыдан түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 370 сұрақ айыппұлдарды төлеуге қатысты болса, 330 сұрақ – жол жүру ережелері, 121 сұрақ – автокөліктерді тіркеу бойынша, 119 сауал – жүргізуші куәліктері бойынша, 34 сұрақ – автокөлікті қайта жабдықтау бойынша, 131 сұрақ – көші қон саласына қатысты, ал 198 сұрақ ішкі істер органының басқа қызметтері бойынша қойылып, нақты жауаптар берілді.

Сонымен қатар, акция кезінде 30-10-30 телефон нөмірі бойынша колл-орталық жұмыс істеп, қала тұрғындарынан түскен сұрақтарға жауап берілді.