ШЫМКЕНТТЕ «ТАТУЛАСТЫРУШЫ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

764

Бүгін Шымкент қалалық сотының «Ақпарат орталығында» Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, аудандық соттың судьясы Қайрат Ізбасаров және Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің қатысуымен 2019 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы Аptanews.kz тілшісі Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шара барысында төраға А.Сұлтанов: «Ағымдағы жылдың 6 айында сотқа 192 қылмыстық іс түскен, оның ішінде 35 қылмыстық іс электронды түрде қаралып, 101 іс бойынша айыптау үкімі, 3 ақтау үкімі және 75 істі өндірістен қысқарту туралы қаулы шығарылған. Жалпы 207 қылмыстық іс аяқталып, соның 18-і медиация тәртібімен қаралған.  Азаматтық істер бойынша сотқа 2622 арыз түскен және 2018 жылдан 409 іс қалдық ретінде өткен. Биылғы 6 айда 2308 іс аяқталып, 1173 шешім шығарылған, оның 2 сырттай шешім және 588 сот бұйрығы шығарылған, ал 244 талап арыз қараусыз қалдырылып, 287 арыз қайтарылған. Сондай-ақ 156 іс медиация тәртібімен аяқталып, 26 іс тараптардың бітімгершілік келісімге келуіне және 74 іс талап арыздан бас тартуына байланысты қысқартылған.

«Отбасылық сот» Пилоттық жобасы аясында  биылдың 6 айында неке және отбасы қатынастарына қатысты 778 талап арыз түсіп, оның 312-сі (40%)  бойынша, сот шешімі қабылданған, 95 (12%) арыз бойынша тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізу тоқтатылған, ал 56 (8%) талап арыз қараусыз қалдырылған. Сонымен қатар, «Татуластырушы» Пилоттық жобаны жүзеге асыру барысында жыл басынан бүгінгі күнге дейін татуластырушы  судьяның өндірісіне 320 азаматтық іс түсіп, соның 227-сі бойынша шешім шығарылып, 40 азаматтық іс тараптардың татуласуына байланысты медиация тәртібімен аяқталған.  Ал қалған 49 іс қысқартылса, 26 іс қараусыз қалдырылып және 31 азаматтық іс кері қайтарылған» — деді.

Іс-шара соңында А.Сұлтанов БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.