ШЫМКЕНТТЕ «S-BIKE» ВЕЛОМАРАФОНЫ ӨТТІ

149

Үшінші мегаполисте алғаш рет ауқымды іс-шараны қалалық Жастар ресурстық орталығы, Shymkent Bike, Шымкент велоқауымдастығы және Шымкент велоспорт федерациясы ұйымдастырды, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындары мен қонақтары қатысқан шараға жалпы саны 150 азамат белсенді атсалысты. Наурыз алаңынан басталған велошеруге қатысушылар Көлкент ата көліне дейінгі 35 шақырым жерді велосипедпен жүріп өтті.

Велошеруді құқық қорғау және жедел жәрдем қызметінің өкілдері бақылап жүрді. Көлкент ата көлінің бойында тынығып, жексенбіні сәтті өткізген қатысушылардың барлығына арнайы марапаттар табысталып, жүлдегерлерге қаржылай сыйақы берілді.

Еске салсақ, осыдан екі ай бұрын Шымкентте «SHYMKENT ASTC TRIATHLON» Азия кубогы өткен болатын. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Сербия, Словения, Австралия, Жапония, Гонконг, Люксембург, Сирия, Франция, АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 55 спортшы жиналды. Триатлон спорты мен салауатты өмір салтын дамыту мақсатында өтетін Азия Кубогына ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Шымкент қаласының триатлон федерациясы, Қазақстан Триатлон Федерациясы ұйымдастырып, Шымкент қаласының әкімдігі және «Шымкент» ӘКК АҚ қолдау көрсеткен еді.