ШЫМКЕНТ: ҚАРАШАШ АНА КЕСЕНЕСІНІҢ АУМАҒЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

179

Шымкент қаласына қарасты Қарашаш ана кесенесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, абаттандырылады, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Қарашаш ана – Түркі әлеміндегі мұсылмандық дәстүрді орнықтырған ғұлама ұстаз, «Түркі әлемінің темірқазығы», «Әулиелердің сұлтаны» сияқты аса жоғары мәртебелі аттарға ие болған Қожа Ахмет Ясауидің анасы. Ол Сайрамдағы текті адам, танымал Мұса Шейхтың қызы болған. Әкесі Мұса Шейх Ибраһим ата (Ибараһим Шейх) шәкірттерінің бірі. Қарашаш ана кесенесі Сайрам ауылында бой көтерген.

Кесене басында зират жасап болған соң, сондағы Қайрат есімді қызметшімен әңгімелестік. Ол Сайрамның терең тарихымен қатар, Қарашаш ананың өмір жолы туралы сыр шертті.

Қарашаш ананың шын есімі – Айша бибі. ХI ғасырда бұл өңірде ғылым, мәдениет және өнер қарқынды дамыды. Қарашаш өз уақытының ең білімді, сауатты әйелдерінің бірі болды. Ислам әлемінде қасиетті Құран кәрімді араб тілінен түркі тіліне алғаш болып аударған әйелдердің бірі. Бойы аласа болғанымен, қап-қара толқынды шашы болғаны үшін халық оны Қарашаш атап кетіпті. Байлығына қарамастан оны мақтан тұтпайтын және менменшіл болған емес. Ол барлық науқастар мен мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге тырысты. Алла тағала берген ізгі қасиеттерінің бірі – перзент сүйе алмай жүрген әйелдерді уқалау жолымен емдеп, бала көтеруіне себепші болған деседі. Аңыз бойынша Қарашаш сырқатты емдегенімен бірге түс жори алатын. Осының арқасында ол өңірдегі тұрғындар арасында кең танымалдыққа ие болды. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлді, адамдар санасында ол аналықтың биік символына айналды.

КЕСЕНЕНІ КІМ САЛДЫРҒАН?

Жалпы Қарашаш ана туралы деректер аз кездеседі. Сол аз деректерге назар салсақ, Қарашаш анамыз текті, бай отбасыдан шықса да өзі қарапайым мінезді жан болған деседі. Оның емшілік қасиеті болған және адамдардың түсін түсінуге, түс жоруға көмектескен.

Сирек деректер не дейді? Оқып көрелік. Қарашаш ананың әкесі Мұса шейх Ибраһим атаның ұстазы болған. Ибраһим ұстазының қызына үйленіп, одан үш перзент сүйген дейді. Біріншісі Гаухар деген қызы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Екінші баласы Садыр қожа деген атамыз Қытайдың территориясында дін жолында шейіт болған дейді. Үшінші баласы Ахмет Яссауи бабамызды Алла тағала ерекше қасиетті бала қылып жаратқан екен. Ол екі жасында Құранды оқи алған, жеті жасында медресені бітіріп, әулиелік дәрежесіне жеткен дейді. Осының бәрін байыптаған әкесі Ибраһим оны бір түйеге отырғызып: «Осы түйе қай жерге барып шөксе, сол жерді мекен ет!» деп шығарып салады. Сонда түйе барып Яссыға (қазіргі Түркістан) шөккен дейді.

Тағы бір қызықты мәліметті де қоса кетейік. Қожа Ахмет Ясауи анасынан бүлдіршін кезінде айырылған, әкесі де жеті жасында қайтыс болған. Әкесі ақтық демінде Гауһар Шахназ атты қызына: «Қарағым, қызым! Інің өскенде адамдардың абзалы болады. Оған қөз-құлақ бол», — деп өсиет қалдырады. Осылайша, әпкесі Гауһар Шахназбен бірге тым жас жетім қалады. Кейбір деректерде, Сайрам қаласында орналасқан Әкесі мен анасының кесенесін Қожа Ахмет Ясауидің өзі салдырғаны туралы айтылады.

Ескі тарихи деректер бойынша Ахмет Яссауи бабамыз Сайрамнан шығып кеткеннен бір айдан кейін Ибраһим атамыз, одан бір жарым апта өткенде шешесі Қарашаш ана дүние салады. Осы орайда «Ерлі-зайыпты екеуі бір уақытта дүние салған болса, неге екеуі екі бөлек жерленген?» деген сұрақтың туындайтыны заңды. Жалпы мұсылманшылықта әкесі қай жерге жерленсе, баласы да сол жерге жерленсін деген қағида бар. Ибраһим ата өзінің әкесі Махмутхан атаның қасына, Қарашаш ана өзінің әкесі жатқан төңірекке әкеліп жерленген екен.

Енді Қарашаш ананың кесенесіне тоқталайық. Қазіргі кесене – түпнұсқа. ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен тек кірпіш және балшықпен салынған. Бірде-бір шеге, темір қолданылмаған. Таңғаласыз. Осы ғимарат жеті ғасырдан бері анамыздың басына пана болып келеді. Арасында кішігірім жөндеулер жүргізіліп тұрған. Күмбез биіктігі 7 метр. Оған қолданылған қыштың құрамына, жасалу әдісіне қарай отырып, монғол шапқыншылығынан кейін, яғни XV ғасырда салынған деп жорамалдауға болады. Өйткені, дәл осындай қыштан XV ғасырда салынған Тараз қаласының құрылыстарында кездеседі.

ТАСҚА ҚАШАЛҒАН ЖАЗУЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Құрылыстың тағы бір ерекшелігі, мұнда бірде-бір тіреу, не тұғыр қойылмаған. Ескерткіштің төбесі қабырғаның ішкі жағынан екінші рет өріп биіктетілген күмбездің жалпы қалпағымен жабылған. Сонда құрылыс қабырғасы екі қабат болып шыққан. Дәл мұндай әдіс Орта Азия ескерткіштерінің бірде-бірінде кездеспейді.

Қожа Ахмет Ясауидің ата-анасы – Ибраһим ата мен Қарашаш ананың кесенесінде Киелі Құранның «Бақара» сүресінің 255-аяты тасқа қашап жазылған. Бұл аятта «Алланың құзырында Өзінің рұқсатынсыз шапағат жасайтын кім болмақ. Алла олардың алдыңғысын да (дүниедегі), кейінгісін де (қияметте не боларын) біледі. Ал олар Алланың білдіргенінен басқа ештеңені де сезбейді» деген сөздер жазылған. Кесенелер алдында арнайы тасқа қашалып жазылған аяттың мағынасы – «қажетіңді адамнан, әруақтан емес, Алладан сұра» дегенді меңзеп тұрғандай.

… Кесене басында екі сағаттай болып, әңгіме-дүкен құрып отырғанда байқағанымыз, адам қарасы үзілмейді екен бұл жерден. Өз еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелден де. Кесене маңы бұрынғыдай ашық-шашық емес. Қоршаулар орнатылып, жинақы кейіпке еніпті. Туристерге, зиярат етуші азаматтарға ықыласпен құрақ ұшып қызмет қып жүрген шырақшының айтуынша, мұнда күніне 100-200 адам келеді. Тағы бір жаңалықты да айта кетсек. Қарашаш ана кесенесі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасына енген нысанның бірі. Осы орайда әкімдік тарапынан биыл кесенеге күрделі жөндеу жүргізілмекші екен. Дем басып отыратын орындықтар орнатылып, кесене маңы көркеймек. Сол кезде кесене бұдан да тартымды туристік нысанға айналмақшы. Іске сәт дедік.

СӘБИТ ТАСТАНБЕК