ШЫМКЕНТ: ҚОШҚАРАТА ӨЗЕНІ — ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖИІ БАРАТЫН ДЕМАЛЫС АЙМАҒЫ

138

Шымкенттегі Қошқарата өзеніне шомылушылардың қатары артып отыр, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі.

Қаланы қақ жарып өтетін өзендер елімізде ғана емес, әлемде де сирек кездеседі. Қошқарата өзені соның бірі. Әсіресе, күннің ыстығында, шіліңгір шілдеде халық үшін Қошқарата өзені таптырмас демалыс аймағы. Оның үстіне, барлық тұрғындарға тегін.

Өзен жағалауында Қошқаратаның кесенесі тұр. Жалпы, жер-жерде Қошқарата деп аталатын ауыл, өзен, су аттары көп. Елімізде мұндай атауды иеленген 10-нан астам мекен бар дейді.

Деректерге сүйенсек, Қошқарата XI ғасырда өмір сүрген. Қаратау өңірінде дүниеге келген деседі. Жастайынан зеректігімен көзге түскен оны ата-анасы Бұқараға жеті жасында оқуға жіберіп, сонда оншақты жыл оқиды. Көзі ашық, ілімді Қошқарата осы өңірге қайтып келіп, шәкірт тәрбиелеп, мешіт, медресе ашады. Қошқаратаның шын аты Қылыш болған екен. Төртінші атасы Арқар деген ержүрек, батыр. Сол атасы «Сен Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп батасын берген. Содан бері Қошқарата атаныпты дейді аңыз. Жерленген жері осында.

– Өзеннің суы шипалы. Ауаны ылғалдандырып тұрады. Ғалымдар судың қаланың микроклиматтық жағдайын реттеуде де мол әсері бар дейді. Бұрын бұл жерде бұлақ көп болған. Сондықтан да Мыңбұлақ аталған. Қошқарата кезінде соның біразының көзін ашып, халықтың алғысын алыпты. Өзен бастауын Қазығұрт тауының төмен тұсынан алады. Ғайып Ерен Қырық Шілтенге жақын маңайда су сіңіп кетеді де, осы Шымкенттегі қазіргі Қошқарата өзенінің бастауынан шығады. Су мамандары тау басынан тарыдай ұсақ заттарды жіберіп, талай мәрте тексеріп, бақылаған. Сол заттар осы қазіргі Қошқаратаның бастауынан шыққан, – дейді осында шырақшы болған Құрмансейіт Зияев тарихына тоқталып.

Бұлақ басында шомылып, көңілін сергітіп, жанына шипа тапқандар жетерлік. Бұлақ суы сүйек, буын ауруларына, сондай-ақ ас қорыту мүшелеріне, түрлі жараларға ем болатын көрінеді. Дертіне шипа тапқан сондай азаматтың бірі – «Қазақстан-Шымкент» радиосының аға редакторы Уәлихан Қожақ ағамыз. Уәкең 1998 жылдан бері қысы-жазы осы суға түседі екен. Таңертең ерте сағат жеті жарым мен сегіздің арасында келеді. Біраз уақыт бұрын құяң ауруына шалдығып, екі аяғы қақсап, жүрудің өзі мұң болған. Бір таныстары осында шомылуды ұсыныпты. Қазір ауруынан айығып, салауаттылықты насихаттап жүр.

Қошқарата демалыс аймағында шипалы суға алыстан келіп жатқандар да бар. Өзен бойында тал-теректер көбейіп келе жатқаны қуантады. Екі жылдай бұрын 1711 ағаш отырғызылыпты. Таза ауа, шипалы су. Ашық аспан астында спорт алаңшасы тұр. Қаладағы жас спортшылардың осында жаттығатынын да білеміз. Мұнда демалысыңыз көңілді өтеді. Жастардың да, қариялардың да саялы мекені бұл жер.