ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕР ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ КЕЛУШІЛЕРГЕ ТЕГІН ҚАРБЫЗ ТАРАТТЫ

112

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келуші қонақтарға Түркістан қаласындағы кәсіпкер Ілесбек Арынов 5 тонна қарбызды тегін таратты, деп хабарлайды Аptanews.kz тілшісі музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қауын-қарбыз өсіріп, егін шаруашылығы арқылы несібесін терген еңбекқор диқан биылғы өнімінің алғашқысын қасиетті орталық Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілерге ұсынудан бастауды жөн санапты.

— «Қазақта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар. Несібеміз де, берекеміз де бір Алланың бергені. Түркістанға шөліркей жеткен, бабалар рухына тағзым етуге келген жандардың ақ батасын алып, егістік алқабының әрбір піскен өнімін алғыспен жұлсақ, шын еңбегіміздің ақталғаны. Түркістанымыз облыс орталығы атанып, гүлденуде. Туған жерімізге келген қонақтарға қуаныш сыйлауға азаматтық үлесімді қосқым келді. Бұл ұсынысымды «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі ұжымы да қуана құп алды», — деді Ілесбек Арынов.

Мұндайды күтпеген алыс-жақын жерден келген зияратшылар диқанға алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетсек, жаны жомарт Ілесбек Арынов 2017 жылы да дәл осындай игілікті іс жасап, қасиетті мекенге жазғы ыстықта жеткен келушілердің ықыласына бөленген болатын.